Шахматтан әлемнің бұрынғы чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия) Венгрияда өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 супертурнирінің плей-офф кезеңінде Бибісара Асаубаеваға (Қазақстан) қарсы соңғы партияға қатысудан бас тартты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Блиц пен рапидтегі жеңістерден кейін норвегиялық шахматшы 11,5:0,5 есебімен алға шыққан. Осылайша, ол ойын күнінің қорытындысы бойынша жеңісін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Соңғы партияда жеңіске 8 ұпай берілетін еді. Алайда Магнус Карлсен ойынға келмей, оған техникалық жеңіліс есептелді. Соның нәтижесінде матчтың қорытынды есебі 11,5:8,5 болды.
TV 2 телеарнасына берген сұхбатында Карлсен соңғы кездесуді «мүлдем мағынасыз» деп атап, сол сәтте матчтың тағдыры шешіліп қойғанын айтты.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы партияда жеңіліс немесе тең нәтиже тіркелген жағдайда Карлсеннің классикалық рейтингтегі көрсеткіші соңғы 17 жылда алғаш рет 2800 ұпайдан төмен түсуі мүмкін еді. Алайда техникалық жеңіліс оның рейтингтік ұпайларына әсер етпеген.
Бүгін Будапештте шахматшылар арасындағы екінші ойын күні өтеді. Бұл кездесуде есеп қайтадан нөлден басталады. Бибісара Асаубаеваға жеңіс қажет. Егер осындай нәтиже тіркелсе, турнирдің жеңімпазы тай-брейктегі «армагеддон» партиясында анықталады.