Қазақстанда жедел хабар алмасу сервистерін қоспағанда, 16 жасқа толмаған балаларды әлеуметтік желілерге тіркеуге тыйым салу ұсынылды. Сонымен қатар 5 мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформаларды пайдаланушылардың тізілімін жүргізу көзделген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл талаптар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған.
Құжат Үкіметтің 2026 жылғы 26 маусымдағы №553 қаулысымен Құрылтайдың қарауына енгізілген. Заң жобасы онлайн-платформалардағы құқыққа қайшы контент көлемін азайтуға және цифрлық ортадағы қатынастарды реттеуге бағытталған.
Жобаға сәйкес, онлайн-платформалардың Қазақстандағы өкілдіктері заңнамада белгіленген тәртіппен міндетті есептік тіркеуден өтуі керек. Сондай-ақ заңнамаға «аудиовизуалды платформа» ұғымын енгізіп, олардың операторларының қызмет тәртібін белгілеу ұсынылады.
Уәкілетті органға 5 мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформаларды пайдаланушылардың тізілімін жүргізу құзыретін беру көзделген.
Бұдан бөлек, онлайн-платформаларда білім беру курстарын немесе белгілі бір сала бойынша оқыту материалдарын тарататын пайдаланушылар өз біліктілігін растайтын дипломы не сертификаты туралы мәліметті көрсетуге міндеттелуі мүмкін.
Заң жобасында «оккульттік қызметтер» ұғымын енгізу де қарастырылған. Бұл табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттер туралы мәлімдемелерге негізделген қызметтерді қамтиды. Мұндай қызметтер туралы контентте оның ойын-сауық сипатында екені және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны жөнінде ескерту болуы тиіс.
Сондай-ақ интернет-басылымдарды есепке қою немесе қайта тіркеу кезінде қорлау сипатындағы элементтері бар домендік атаулар мен БАҚ атауларын пайдалануға шектеу енгізу ұсынылған.
Жоба бойынша мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары оларды арнайы таңбалауы керек. Ал еркін қолжетімді теле- және радиоарналар тізбесіне енгізілген теле-радиоарналарға тізімге қосылған күннен бастап 30 күн ішінде хабар тарату жұмысын ұйымдастыру міндеті жүктеледі.
Құрылтайдың барлық комитеті заң жобасына оң қорытынды берген. Жұмыс тобының жеті отырысы және комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілген. Комитет құжатты бірінші оқылымда мақұлдап, Құрылтай отырысының қарауына енгізуді ұсынды.