Конституциялық сот жасанды интеллект шешімдеріне шағымдану тетігін енгізуді ұсынды

Конституциялық сот жасанды интеллект шешімдеріне шағымдану тетігін енгізуді ұсынды
pixabay.com

Конституциялық сот жасанды интеллект көмегімен қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті нақты бөліп, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды. Егер автоматтандырылған жүйе адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер етсе, оның шешімін адам бақылап, оған шағымдану мүмкіндігі болуы керек, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл талаптар Конституциялық сот баяндамасында жаңа Конституция жағдайында заңнаманы жетілдірудің басым бағыттарының бірі ретінде аталды.

Соттың ұстанымынша, заңнама жасанды интеллектті қолданудың негіздері мен шектерін айқындауы қажет. Сонымен қатар алгоритмдер арқылы қабылданған шешімдер үшін кім жауап беретіні нақты белгіленіп, олардың нәтижесін тексеру мүмкіндігі қарастырылуға тиіс.

«Егер автоматтандырылған жүйелер адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер етсе, оларды адам тарапынан нақты бақылау және шешімдерге шағым жасаудың тиімді тетігі көзделуі қажет», – делінген баяндамада.

Конституциялық сот цифрландыру мен жасанды интеллектті қолдану кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері сақталуы керектігін атап өтті.

Баяндамада бұл мәселе жаңа Конституцияны іске асыру аясындағы заңнамалық жаңғыртудың бес басым бағытының бірі ретінде көрсетілген.