Заңсыз контент пен балағат сөз: онлайн-платформаларға жаңа талап қойылады

Заңсыз контент пен балағат сөз: онлайн-платформаларға жаңа талап қойылады
pixabay.com

Қазақстанда заңға қайшы контент таратқан онлайн-платформаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылды. Сондай-ақ уәкілетті органның заңсыз материалдарды жою туралы нұсқамасын орындамаған платформалар мен БАҚ-та балағат сөз қолданғандарға қатысты жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл нормалар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.

Құжат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы №554 қаулысымен Құрылтайдың қарауына енгізілген. Заң жобасы Президенттің деструктивті контент таратқаны үшін онлайн-платформалардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекіту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.

Жоба аясында онлайн-платформалардың заңға қайшы контент таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілігін белгілеу ұсынылады. Бұдан бөлек, уәкілетті органның Қазақстан аумағындағы онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі нұсқамаларын платформа өкілдігі орындамаған жағдайда да жауапкершілік енгізу көзделген.

Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда балағат сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құжатта масс-медиа және онлайн-платформалар саласындағы қолданыстағы заңнаманы өзара сәйкестендіру мәселесі де қамтылған.

Заң жобасы бойынша Құрылтайдың барлық комитеті оң қорытынды берген. Комитеттің жеті жұмыс тобы мен кеңейтілген отырысы өткізілген.

Комитет заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, Құрылтай отырысының қарауына енгізуді ұсынды.