Жапония ресейлік деп болжанған екі әскери ұшақ елдің әуе кеңістігін бұзғаннан кейін Мәскеуге қатаң наразылық білдірді. Оқиғаға байланысты жапондық әуе қорғанысы күштері жойғыш ұшақтарын әуеге көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жапония Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 17 қараша күні таңертең елдің оңтүстік-батысындағы Фукуока префектурасына қарасты Окиносима аралы маңында болған.
Бірінші ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 04:07-ден 04:10-ға дейін, ал екіншісі 04:09-дан 04:12-ге дейін Жапонияның әуе кеңістігінде болған. Яғни әр ұшақ ел аумағының үстімен шамамен үш минут ұшқан.
Бұған жауап ретінде Жапонияның өзін-өзі қорғау күштері жойғыш ұшақтарын әуеге көтеріп, радиобайланыс арқылы әуе кемелеріне ескерту жасаған және өзге де қажетті шараларды қабылдаған.
Жапонияның Қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми бұл оқиғаны елдің мемлекеттік егемендігін өрескел бұзу әрі ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп бағалады.
«Ресейлік ұшақтардың Жапонияның әуе кеңістігін бұзуы еліміздің егемендігін өрескел бұзу ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздігімізге төнген қатер. Мұндай әрекетке мүлдем жол беруге болмайды», – деді ол.
Жапония үкіметі Мәскеуге дипломатиялық арна арқылы қатаң наразылық жолдап, осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін шара қабылдауды талап етті.
Жапонияның Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елдің әуе кеңістігінен шыққаннан кейін ұшақтар Корей бұғазы арқылы өтіп, Йонагуни аралы мен Тайвань арасымен Тынық мұхиты бағытына қарай ұшқан.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея да өз әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің сәйкестендіру аймағында бірнеше ресейлік әскери ұшақты анықтағаннан кейін жойғыштарын әуеге көтерген. Алайда оңтүстіккореялық әскерилердің мәліметінше, елдің мемлекеттік әуе кеңістігін бұзу фактісі тіркелмеген.
Соңғы айларда Мәскеу мен Токио арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен күйде қалып отыр. Бұған Куриль аралдарының оңтүстік бөлігіне қатысты аумақтық дау, Ресейде жапон журналисінің тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталуына байланысты жағдай және жапондық темекі компаниясының активтерін Ресейдің уақытша басқаруына беруі себеп болған.
Жапонияның әуе кеңістігін ресейлік ұшақтардың соңғы рет растаған бұзуы 2024 жылғы қыркүйекте тіркелген.