17 қазан күні кешкі уақытта Қарағанды облысының Петровка кентінде 14 жастағы оқушы қызды көлік қағып кетті. Жасөспірім алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Криминальный Казахстан дереккөзінің мәліметінше, жол апатынан кейін жүргізуші тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған. Мұны көрген ер адам көліктің соңынан қуып жетіп, мемлекеттік нөмірін жазып алған және ақпаратты полицияға жеткізген. Біраз уақыттан соң көлік иесі жол апаты болған жерге қайта оралған.
Әйел өзінің қашып кетуге әрекет жасамағанын айтады. Оның сөзінше, көлік салонында үш жастағы немересі болған. Апаттан кейін бала қатты шошып, жылай бастағандықтан, жүргізуші оқиға орнынан уақытша кетіп, шамамен жарты сағаттан кейін қайтып келген. Сондай-ақ әйел сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүргенін, ал қыздың жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенін мәлімдеген.
Полиция жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және апат орнын тастап кету деректері бойынша қылмыстық істер қозғады. Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Қазір көліктің нақты жылдамдығын және жүргізушінің соқтығыстың алдын алуға мүмкіндігі болған-болмағанын анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалған. Түпкілікті процессуалдық шешім сараптама қорытындысынан кейін қабылданады.
Марқұмның туыстары жүргізушінің заң аясында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.