Шетелдік онлайн-платформалар Қазақстан бюджетіне 91,8 млрд теңге салық төледі

Шетелдік онлайн-платформалар Қазақстан бюджетіне 91,8 млрд теңге салық төледі
Фото: ЖИ

2026 жылдың алғашқы он айында шетелдік маркетплейстер мен онлайн-сервистер Қазақстан бюджетіне 91,8 млрд теңге қосылған құн салығын аударды. Бұл 2025 жылдың толық қорытындысындағы көрсеткіштен 34,2 млрд теңгеге көп, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылдан бері шетелдік интернет-компаниялардан түскен ҚҚС көлемі 219,1 млрд теңгеге жеткен. Салық түсімі жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылы бюджетке 10,4 млрд теңге, 2023 жылы – 24,3 млрд теңге, 2024 жылы – 35 млрд теңге, ал 2025 жылы 57,6 млрд теңге аударылған. 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша түсім 91,8 млрд теңгені құрады.

Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген шетелдік компаниялардың саны 144-ке жетті. Биылғы он айдың өзінде бұл тізімге тағы 24 компания қосылған.

Олардың қатарында Apple, Amazon, AliExpress, Alibaba, Google, Meta, Microsoft, Netflix, OpenAI, Ozon, Pinduoduo, Temu, TikTok, Samsung және Sony секілді халықаралық компаниялар бар. Қытайлық Pinduoduo маркетплейсінің өзі Қазақстан бюджетіне 6,8 млрд теңге салық төлеген.

Мемлекеттік кірістер комитеті шетелден жеке пайдалану үшін тапсырыс берілетін тауарларға қойылатын бажсыз әкелу талаптарын да еске салды. Еуразиялық экономикалық одақ ережесіне сәйкес, сәлемдеменің құны 200 еуродан, ал салмағы 31 келіден аспауға тиіс.

Тауардың бағасы белгіленген шектен жоғары болған жағдайда, сатып алушы артық соманың 15 пайызы көлемінде кедендік төлем жасайды. Ал салмақ лимиті асса, әрбір артық келі үшін кемінде 2 еуро есептеледі.

Мысалы, салмағы талапқа сай, бірақ құны 300 еуро болатын тауар үшін төлем барлық сомадан емес, лимиттен асқан 100 еуродан ғана алынады.

Салық кодексінде тиісті кедендік төлемдер жасалған тауар құнының бір бөлігіне ҚҚС есептемеу қарастырылған. Алайда комитет Pinduoduo арқылы берілген жекелеген тапсырыстарға бұл тәртіптің қалай қолданылатынын және салық қайталап есептелген жағдайда сатып алушының не істеуі керектігін нақтыламаған.

Шетелдік интернет-компаниялардың салық төлемдерін бақылау үшін екінші деңгейлі банктер олардың пайдасына жасалған ақша аударымдары туралы мәліметті салық органдарына ұсынады. Комитет бұл ақпаратты компаниялар төлеген салық көлемімен салыстырады.

Сәйкессіздік анықталса, платформаға камералдық бақылау қорытындысы бойынша хабарлама жолданады. Компанияға айырмашылықты жою үшін 30 жұмыс күні беріледі. Талап орындалмаған жағдайда, оның интернет-ресурсына Қазақстан аумағында кіру шектелуі мүмкін.

Мұндай жағдай 2026 жылдың қазан айында тіркелген. Камералдық бақылау жөніндегі хабарламаны орындамаған Farfetch халықаралық сауда платформасының жұмысына Қазақстанда шектеу қойылған.