"Әкелер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы филиалының төрағасы, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Бекдайыр Нығметұлы Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салуды ұсынды. Осы мақсатта қоғамдық бірлестік өкілдері арнайы петиция жариялаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бастама авторлары энергетикалық сусындарды интернет пен жеткізу қызметтері арқылы сатуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға да шектеу енгізуді талап етіп отыр.
"Біз, “Әкелер одағы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта әкелуге және сатуға толық тыйым салуды ұсынамыз. Біздің ұстанымымыз айқын: халықтың денсаулығы – бәрінен қымбат", – деді Бекдайыр Нығметұлы.
Ол 2025 жылдан бастап елімізде энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынғанын, ал 2026 жылдан бұл өнімдерге акциз енгізілгенін атап өтті. Алайда бірлестік өкілдері қабылданған шаралар мәселені толық шешпейді деп есептейді.
Петиция авторларының мәлімдеуінше, энергетикалық сусындарды шамадан тыс әрі тұрақты тұтыну ересектердің денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін. Олар клиникалық зерттеулерге сүйеніп, мұндай сусындарды ішкеннен кейін дені сау адамның өзінде қан қысымы уақытша жоғарылауы ықтимал екенін алға тартты. Сондай-ақ кофеинді үнемі қолдану тәуелділік қалыптастыруы мүмкін екенін айтты.
"Шаршауды басу немесе ұйқыны ашу үшін энергетикалық сусын ішуді әдетке айналдыру бізді алаңдатады. Оның ұзақ мерзімді ықтимал салдарына да назар аудару қажет", – деді бастама өкілі.
Қоғамдық бірлестік Үкіметтен энергетикалық сусындарды өндіруге, елге коммерциялық мақсатта әкелуге, көтерме және бөлшек саудада өткізуге толық тыйым салатын заң жобасын әзірлеуді сұрады. Ұсыныс интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері арқылы сатуды және жарнаманы да қамтиды.
Сонымен қатар бастама авторлары заң талаптарын бұзған тұлғаларға жауапкершілік белгілеуді ұсынды.
"Бүгінгі қолдауымыз ертеңгі ұрпағымыздың денсаулығына қызмет етсін. Отбасы саулығын бірге қорғайық", – деп Бекдайыр Нығметұлы қазақстандықтарды петицияны қолдауға шақырды.