Қазақстанға популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында әкелінген амур жолбарыстары жаңа мекеніне бейімделіп, аң аулай бастаған. Бұл туралы «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев Хабаровскіде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026 жылғы мамырда Ресей Қазақстанға тарихи мекенінде жолбарыстардың санын қалпына келтіру бағдарламасы аясында төрт амур жолбарысын тапсырған. Жыртқыштар Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына жеткізілді.
Олардың алғашқысы – Үміт есімді ұрғашы жолбарыс шілде айының соңында, ал Амур есімді аталығы қазан айының соңында табиғатқа жіберілді. Жыртқыштарды азықпен қамтамасыз ету үшін резерват аумағына 300-ден астам бұғы мен құлан жіберілген.
Сергей Арамилевтің айтуынша, екі жолбарыстың да жағдайы жақсы. Олар белгіленген аумақтан шықпай, өздігінен қорек тауып жүр. Әсіресе Үміт тұрақты түрде аң аулай бастаған. Оның олжаларының арасында қабан, Бұқар бұғысы және қасқыр бар.
Ал аталық жолбарыстың да аң ұстағаны белгілі. Алайда мамандар оның нақты қандай жануарды аулағанын әзірге анықтамаған. Жоба талаптарына сәйкес, жыртқыш ауланған жерден алыстағаннан кейін ғана мамандар оқиға орнына барып, қалған іздер арқылы оның олжасын анықтай алады.
Жолбарыстар бір-біріне жұп бола ма?
Мамандар екі жолбарыстың жұп құрып, ұрпақ әкелуінен үмітті. Дегенмен олардың бір-бірін қабылдамауы да мүмкін.
Үміт табиғатқа аталығынан ертерек жіберілген. Ол қазірдің өзінде өзіне тиесілі аумақты белгілеп үлгерген. Сондықтан мамандар Амур оның қалдырған іздерін тауып, ұрғашы жолбарыстың бар екенін сезеді деп күтеді.
Сергей Арамилевтің айтуынша, жыртқыштардың ересек әрі көбеюге қабілетті дарақтары таңдалған. Бірақ олардың мінез-құлқы тек табиғи инстинктке байланысты емес. Кейде жануарлар бір-бірін қабылдамай қоюы мүмкін.
Егер екі жолбарыс жұп құра алмаса, аталығы басқа ұрғашыны іздеуі ықтимал. Қазір олардың арасы бір тәуліктік жол жүруге жететін қашықтықта орналасқан.
Мамандардың айтуынша, бағдарламаның нәтижелі болғанын Үміттің ұрпақ әкелуі көрсетеді.
Жолбарыстар тәулігіне 15 шақырымға дейін жүреді
Екі жолбарысқа да GPS құрылғысы орнатылған арнайы қарғыбау тағылған. Ол арқылы жануарлардың қозғалысы мен орналасқан жері бақыланады. Құрылғының сигналы спутникке сағат сайын және тәулігіне бір рет жіберіледі.
Үміттің қозғалысын зерттеген мамандар оның тәулігіне 7-15 шақырым жүретінін анықтаған. Демалу ұзақтығы мен қозғалыс қарқыны да Хабаровск және Приморье өлкелеріндегі жабайы жолбарыстардың тіршілігіне ұқсас.
Келесі жылы Қазақстанда тағы екі жолбарысты табиғатқа жіберу жоспарланып отыр. Ол кезде олардың да ересек жасқа жетуі көзделген.
Мамандар алдымен жыртқыштардың жаңа аумақта қалай орналасатынын бақыламақ. Себебі жолбарыстар өздеріне белгіленген аумақтан тыс жерлерді де мекен етуі мүмкін. Зерттеу нәтижесіне қарай кейін қанша жолбарыс жіберу керектігі шешіледі.
Қазақстандық мамандар Іле-Балқаш аумағында 50-ге дейін жолбарыс тіршілік ете алады деп есептейді. Ал ресейлік сарапшылар әзірге сақтық танытып отыр. Олардың пікірінше, тұрақты популяция қалыптастыру үшін 10-15 жолбарыс жеткілікті болуы мүмкін.
Айта кетейік, амур жолбарысы – Қазақстан аумағында бұрын мекендеген, бүгінде жойылып кеткен тұран жолбарысының генетикалық жағынан ең жақын туысы.