Қонаев қаласындағы мектепте қайғылы жағдай болды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Диас Нұрақын мәлмідеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, 16 қарашада сағат 13:18-де мектептегі үзіліс кезінде жазатайым оқиға болған. Мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы баспалдақтың жақтауымен төмен қарай сырғанамақ болған оқушы құлап кеткен. Салдарынан бас сүйегіне зақым келіп, ауыр жарақат алған.
"Оқиға орнына дереу жедел медициналық жәрдем шақырылды. Бала аса ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер екі тәулік бойы 11 жастағы баланың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Медициналық көмек көрсетуге республикалық, қалалық және облыстық деңгейдегі жетекші балалар нейрохирургтері жұмылдырылды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне және жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша күні сағат 10:00-де оқушы қайтыс болды.
Бұл қаза - оның ата-анасы, туған-туыстары, жақындары, сыныптастары, мұғалімдер мен бүкіл мектеп ұжымы үшін орны толмас ауыр оқиға. Ойнап жүріп, опат болған баланың отбасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтамын!" - деді ол.