Қазақстанда Құрық портына жүк тасымалдайтын вагондарды жөнелту уақытша тоқтатылды

Қазақстанда Құрық портына жүк тасымалдайтын вагондарды жөнелту уақытша тоқтатылды
ашық дереккөзден

Қазақстан темір жолы Құрық порты арқылы паромға тиелетін экспорттық жүктерді тасымалдауға уақытша шектеу енгізді. 19-30 қараша аралығында теміржол станцияларына осы бағыттағы жүк вагондарын қабылдауға және басқа станцияларға бағыттауға тыйым салынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мұндай шешім паромға тиелуін күтіп тұрған вагондардың шамадан тыс жиналуына байланысты қабылданған.

Қазір портта паромға тиелу кезегінде 1,1 мыңнан астам вагон тұр. Оның ішінде 266 вагон Маңғыстау теміржол станциясында, ал 356-дан астам вагон Құрық-Порт және Паромалды станцияларында жиналып қалған.

Айта кетейік, бұған дейін ҚТЖ Өзбекстан мен Ауғанстанға өзге елдердің вагондарымен жүк тасымалдау талаптарын қатаңдатқан болатын. Жаңа ережелер «Сарыағаш – Келес», «Оазис – Қарақалпақстан» және «Мақтаарал – Сырдария» шекаралық өткелдері арқылы өтетін жүк тасымалына қатысты.