АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джули Стаффт белгілі теолог Нұрлан Байжігітұлының шаңырағында қонақ болды. Кездесуден түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Нұрлан имам мәртебелі мейманға қазақтың қонақ күту дәстүріне сай дастарқан жайып, елшімен еркін әңгімелескен. Жүздесу барысында ұлттық құндылықтар, руханият және екі халық арасындағы мәдени байланыс жөнінде сөз болған.
Бейнежазбадан Джули Стаффттың қазақы дастарқаннан дәм татып, үй иелеріне алғыс білдіргенін көруге болады. Өз кезегінде Нұрлан Байжігітұлы мұндай жүздесулер халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтатынын атап өтті.
Айта кетейік, Джули Стаффт Қазақстандағы дипломатиялық қызметі барысында қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне қызығушылық танытып жүр. Бұған дейін ол отбасымен бірге домбыра үйрену сабағына қатысып, ұлттық аспапта ойнап көрген. Сондай-ақ Астанадағы мектептердің бірінде ұйымдастырылған тұсаукесер рәсіміне қатысып, асық атқан болатын.