Болат Назарбаевтың зауыты мемлекетке өтті

Болат Назарбаевтың зауыты мемлекетке өтті
ашық дереккөзден

Алматы облысының Шамалған ауылындағы шарап және арақ өнімдерін шығаратын зауыт мемлекетке өтеусіз беріліп, сатылымға шығарылды. Бұған дейін кәсіпорын Болат Назарбаев құрған «BN ALKO» компаниясының мекенжайы болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы зауытты 8 желтоқсанда аукцион арқылы сатуды жоспарлап отыр. Бастапқы бағасы – 739,9 млн теңге. ҚҚС-ты қосқанда, сатып алушы кемінде 858 млн теңге төлеуі керек.

Сатылымға 2,36 гектар жер және жалпы аумағы 7,2 мың шаршы метр болатын 15 ғимарат қойылған. Оның ішінде өндірістік цех, қойма, әкімшілік ғимарат және басқа нысандар бар.

Зауыт мемлекетке 2026 жылғы 26 тамыздағы келісімшарт негізінде өтеусіз берілген. Меншік құқығы 11 қыркүйекте тіркелген.

Зауыт бұрын кімге тиесілі болған?

2009 жылы осы мекенжайда «BN ALKO» ЖШС тіркелген. Компания спиртті ішімдіктерді өндірумен айналысқан. 2009 жылдан 2016 жылға дейін оның құрылтайшысы Болат Назарбаев болған.

2016 жылы Болат Назарбаев компаниядан кеткен. Кейін кәсіпорынның салық төлемдері күрт азайып, 2018 жылдан бастап салық төлемеген. 2017 жылы компания ҚҚС төлеушілер есебінен шығарылып, 2022 жылы таратылған.

2016 жылдың желтоқсанында зауыт басқа адамның меншігіне өткен. Алайда мемлекетке берілгенге дейінгі соңғы иесі сатылым құжаттарында көрсетілмеген.