Елімізде балабақшаға, мектепке және спорт секцияларына балаларды тұрақты жеткізетін көліктерді арнайы тізілімге енгізу ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтайда "Әділет" партиясы фракциясының депутаты Айжан Наимбекова көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутат премьер-министрдің орынбасары – көлік министріне, сондай-ақ ішкі істер және оқу-ағарту министрлеріне жолдаған сауалында балалар тасымалына қойылатын қауіпсіздік талаптарын қайта қарау қажеттігін айтты.
Оның келтірген дерегіне сәйкес, 2025 жылы жол-көлік оқиғаларынан 285 бала қаза тауып, 12 409 бала түрлі жарақат алған. Ал 2026 жылдың басынан бері жол апатынан көз жұмған балалар саны 200-ден асқан.
"285 бала – жай ғана статистика емес. Әр санның артында перзентінен айырылған отбасының қайғысы тұр", – деді депутат.
Ол балалар тасымалы кезіндегі қайғылы оқиғаларды да мысалға келтірді. 2023 жылғы қазанда Түркістан қаласында жеке балабақшаның жүргізушісі бес жастағы баланы үйінің маңына түсіргеннен кейін байқамай көлікпен қағып кеткен. Бүлдіршін оқиға орнында көз жұмған.
2024 жылғы тамызда Ақтөбе облысында жарысқа бара жатқан бес бала жол апатынан қаза тапты. Ал 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысында болған көлік апаты тағы үш баланың өмірін қиған. Депутаттың айтуынша, екі жағдайда да сапар жөнінде құзырлы органдарға алдын ала хабар берілмеген.
"2026 жылы полиция үш мыңнан астам мектеп автобусын тексерді. Соның шамамен 400-інен техникалық ақау анықталған. Бұған қоса, қараша айының басында Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаның 12 орындық көлігіне 30-дан астам бала мінгізілгені туралы ақпарат тарады. Егер бұл дерек расталса, балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнгенін көрсетеді", – деді Айжан Наимбекова.
Осыған байланысты депутат баланы көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына тапсыру тәртібін заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды. Сондай-ақ балаларды тұрақты тасымалдайтын көліктердің барлығын бірыңғай тізілімге енгізіп, әрбір жол апатын бөлек есепке алу мен талдау жүйесін құру қажет деп санайды.
Бұл талаптар мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жекеменшік балабақшалар мен өзге де ұйымдарға да ортақ болуы керек.
"Жүргізушілер мен балаларды алып жүруге жауапты адамдардың міндеттері мен жауапкершілігін заңда нақты белгілеу қажет. Сонымен бірге мемлекеттік бақылауды күшейтіп, министрліктердің өзара іс-қимылы мен ақпарат алмасу тәртібін бекіту керек", – деді депутат.
Оның сөзінше, ұсыныстың мақсаты – ұйымдарға қосымша талап жүктеу емес, балалардың өмірін қорғау.
"Әр баланың өмірі қымбат. Оның қауіпсіздігі ұйымның мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне, тасымалдың ақылы не тегін жүргізілетініне байланысты болмауға тиіс", – деді Айжан Наимбекова.