Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салығын есептеу тәртібі өзгеруі мүмкін

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салығын есептеу тәртібі өзгеруі мүмкін
жи: dalanews

Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың ай сайынғы табыс шегін жылдық көрсеткішпен есептеуді ұсынды. Ол Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, айына 300 АЕК болатын шекті жылына 3 600 АЕК-ке ауыстыру қажет деп санайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы талап туризм, құрылыс, жөндеу, тасымал және абаттандыру сияқты маусымдық жұмыстармен айналысатын азаматтарға қолайсыз. Себебі мұндай салаларда табыс жылдың белгілі бір кезеңінде ғана түседі. Ал қалған уақытта тапсырыс аз болуы мүмкін.

«Қазір сұраныс жоғары кезде азаматтар арнайы салық режимінен айырылып қалмау үшін табысын шектеуге мәжбүр. Мысалы, бір адам ай сайын 500 мың теңге табыс тапса, екіншісі төрт ай бойы айына 1,5 миллион теңгеден табыс табады. Екеуінің де жылдық табысы 6 миллион теңге болады. Бірақ екінші азамат айлық лимиттен асып кеткендіктен, арнайы салық режимін қолдану құқығынан айырылады», – деді Нұралдинов.

Депутаттың ұсынысы бойынша, ай сайынғы табысқа шектеу қоймай, жылдық табысты есепке алу керек. Бұл азаматтарға маусым кезінде көбірек жұмыс істеп, жылдық табыс мөлшерінен аспайтын жағдайда салықтық жеңілдіктерді сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, депутат цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табысын есептеу тәртібін де өзгертуді ұсынды.

Оның айтуынша, бүгінде көптеген азамат қызметін цифрлық платформалар арқылы көрсетеді. Мысалы, «Яндекс Go» кей жағдайда тапсырыс құнының 23 пайызына дейін комиссия ұстайды. Бұл ақша жүргізушіге немесе курьерге төленбейді, платформаның өзінде қалады.

«Азаматтың қолына түспеген ақшаны оның табысы деп есептеу қаншалықты дұрыс? Біздің ұсынысымыз – платформаның комиссиясы шегерілгеннен кейін азаматтың қолында қалған ақша ғана оның табысы ретінде есептелуі керек», – деді депутат.

Оның пікірінше, мұндай өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салық төлеу тәртібін әділ етіп, маусымдық жұмыс істейтіндер мен цифрлық платформалар арқылы қызмет көрсететін адамдарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.