Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті конкурс өткізбей, тікелей келісімшарт арқылы бес Toyota Hilux автокөлігін сатып алуды жоспарлағаны туралы ақпарат тарады. Көліктердің жалпы құны 155 млн теңге деп көрсетілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекеттік сатып алу саласын бақылайтын Telegram-арнадағы мәліметке сәйкес, сатып алуды осындай тәсілмен жүргізуге негіз ретінде Ақтау қаласы әкімінің 2023 жылғы 7 маусымдағы қаулысы ұсынылған.

Құжатта Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі салдарынан МАЭК кәсіпорнына су жеткізу көлемі азайып, оның жұмысы тоқтап қалуы мүмкін екені айтылған. Бұл жағдай Ақтау тұрғындарын ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуге қауіп төндірген. Осыған байланысты қала аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
Алайда жарияланған мәліметте 2023 жылы қабылданған қаулының бес жол талғамайтын көлікті сатып алуға қандай қатысы бары нақты түсіндірілмеген. Telegram-арна авторлары сатып алуды негіздейтін құжаттар қатарында тек осы қаулы көрсетілгенін мәлімдеді.
Dalanews.kz мәселенің мән-жайын анықтау үшін Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне ресми сауал жолдады.