Әлеуметтік желіде Батыр Сейкенов есімді азамат өзіне қарсы ақпараттық шабуыл жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған Қостанай облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы қызметіне үміткер болуы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сейкенов кейінгі кезде әлеуметтік желілерде бұрын жарияланған видеолары қайта таратылып, сөздері бұрмаланып жатқанын айтты. Сондай-ақ кейбір блогерлер оның бейнесін рұқсатсыз пайдаланып, монтаждалған роликтер жариялағанын жеткізді.
"Қазір барлық әлеуметтік желіде маған қарсы жойқын шабуыл жүріп жатыр. Олар менің Киа Саянға жауап берген ескі видеоларымды қайта жариялады. Кейін Қостанайдағы бір блогер менің келісімімсіз бейнемді пайдаланып, видео құрастыра бастады. Осылайша мені қаралауға тырысып жатыр", – деді ол.
Батыр Сейкенов өзін Амангелді Имановтың ұрпағы екенін айтып, ұстанымынан бас тартпайтынын мәлімдеді.
"Менің атам Амангелді Иманов патша билігіне қарсы күресіп, Қазақстан тәуелсіздігінің бастауында тұрды. Менің бойымда оның қаны бар. Сондықтан өз жолымнан таймаймын. Қазақстан – ұлтына, дініне және түр-түсіне қарамастан, осында тұратын барша азаматтың ортақ елі. Ал мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіруге тырысқандар жауап береді", – деді Сейкенов.
Ол әлеуметтік желідегі қарсылықты Қостанай облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамын басқаруға ниет білдіруімен байланыстырды.
"Қостанай облысында аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы болуға шешім қабылдағаннан кейін осының бәрі басталды. Қазаққа қоғам төрағасы болуға болмай ма? Мен бұл қызметке келемін және қоғамды басқарамын", – деді ол.
Сейкенов төраға болған жағдайда қарапайым аңшыларға қолжетімді жолдамалар беруге, браконьерлікпен күресуге және ет өңдеу цехтарына жеткізілетін жабайы аң еті туралы ақпараттарды тексеруге күш салатынын айтты.
"Кейбір адамдардың өз малы болмаса да, тұшпара, шұжық және өзге де өнімдер шығаратын ет цехтары бар. Бұл өнімдерге жабайы аң еті пайдаланылуы мүмкін. Мұндай деректердің барлығын тексеруге қол жеткіземін", – деп мәлімдеді Батыр Сейкенов.
Әзірге видеода айтылған айыптауларға қатысты екінші тараптың пікірі жарияланған жоқ.