Ақтөбеде жоғары оқу орындарының бірінде екінші курста оқитын студент алаяқтардың арбауына түсіп, депозитіндегі 10 миллион теңгесінен айырылды. Бойжеткен бұл қаражатты оқу ақысын төлеу үшін ұзақ уақыт бойы жинаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Диапазон" басылымының мәліметінше, алаяқтық әрекет WhatsApp арқылы жасалған қоңыраудан басталған.
Алдымен бейтаныс адам өзін байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, студентке SIM-картасының қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтқан. Ол қыздың сеніміне кіргеннен кейін әңгімеге өзін банк қызметкерімін деп таныстырған екінші адам араласқан.
Жалған банк маманы студенттің атына бөгде адамдар несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтып, оны асықтырған. Қаражатты сақтап қалудың жалғыз жолы – ақшаны "қауіпсіз шотқа" аудару деп сендірген.
Қорыққан студент алаяқтардың нұсқауын орындап, депозитіндегі шамамен 10 миллион теңгені көрсетілген шотқа жіберген. Біраз уақыттан кейін ғана ол алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Ақтөбе облысының полиция департаменті банк пен байланыс операторының қызметкерлері азаматтардан ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды ешқашан талап етпейтінін ескертті. Құқық қорғау органдары бейтаныс адамдардың нұсқауымен қандай да бір қаржылай операция жасамауға және қысым көрсетілген жағдайда телефон тұтқасын бірден қоюға кеңес берді.