Экс-депутат Геннадий Шиповских жаңа қызметке тағайындалды

Экс-депутат Геннадий Шиповских жаңа қызметке тағайындалды
Геннадий Шиповских. Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Геннадий Шиповских жаңа қызметке кірісті. Ол еңбек жолын жеке секторда жалғастырып, Samruk Signal Systems компаниясының бас директорының орынбасары атанды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы бұрынғы сенатор әлеуметтік желідегі жеке парақшасында мәлімдеді. Геннадий Шиповских енді Samruk Signal Systems компаниясында стратегиялық даму және коммуникациялар бағытына жауап беретін болады. Ол жаңа қызметке тағайындалуын өміріндегі маңызды өзгерістердің бірі ретінде бағалап, алдағы жоспарларын бөлісті.

"Өмірімдегі жаңа белес! Еңбек жолымның жаңа кезеңін жеке секторда жалғастырып жатырмын! Енді Samruk Signal Systems компаниясында бас директордың стратегиялық даму және коммуникациялар жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын", – деп жазды Геннадий Шиповских.

Оның айтуынша, компаниядағы жұмысын бас директор Әбілқайыр Олжабаевтың басшылығымен жүзеге асырады. Экс-сенатор жаңа қызметі кәсіби тұрғыдан тың мүмкіндіктерге жол ашатынына үміт білдірген.

"Алдағы уақытта компанияның бас директоры Әбілқайыр Олжабаевтың басшылығымен бірге жұмыс істейтін боламыз. Жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер, жаңа мақсаттар! Алла сәтін салсын!" – деп жазды ол.