Қазақстандық азамат Дубайда кішкентай ұлының тұсауын әлем футболының аңызы атанған Роналдиньоға кестірді. Ерекше рәсім түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Баланың әкесі алдымен ұлына Лионель Месси, Майк Тайсон, Геннадий Головкин және Роналдиньо секілді әлемге танымал тұлғалардың суреттерін көрсеткен. Бүлдіршін олардың арасынан бразилиялық футболшыны таңдаған. Осыдан кейін әкесі ұлының тұсауын Роналдиньоға кестіруге шешім қабылдаған.
Дубайда өткен кездесуде футболшы баланың аяғына байланған ала жіпті өзі қиып, қазақтың тұсаукесер дәстүріне қатысты. Қазақ танымында бұл рәсім сәбидің қадамы нық, жолы ашық болсын деген ниетпен жасалады.
"Рақмет сізге, аңыздардың аңызы! Ең мықтылардың ішіндегі ең мықтысы. Құдай қаласа, ұлым да сіз секілді ұлы әрі танымал тұлғаға айналсын. Бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан да сізді жақсы көреді және құрметтейді", – деп жазды баланың әкесі.
Ол ұлының болашақта есімі әлемге танылған, ізгі қасиетті азамат болып өсуін тілеп, осы ниетпен тұсауын атақты футболшыға кестіргенін жеткізді.
Желіде жарияланған видео 1,3 миллионнан астам қаралым жинады. Көпшілік Роналдиньоның қазақтың ұлттық салтына құрмет көрсеткеніне жылы пікір білдіріп жатыр.