Семейде танктер мен өзге де броньды техниканы жөндеуге маманданған "Семей инжиниринг" кәсіпорны жекешелендірілмек. "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясына тиесілі зауыттың бастапқы бағасы 70,8 млрд теңге болып белгіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.
e-Qazyna электронды сауда алаңындағы мәліметке сәйкес, аукционға кәсіпорынның 2 608 500 жай акциясы, яғни жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесі қойылған. Сауда 27 қарашада сағат 11:00-де бағаны көтеру әдісімен өтеді. Қатысушылар 10,625 млрд теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуге тиіс.
Зауытты сатып алу үшін бастапқы соманы төлеу жеткіліксіз. Жаңа меншік иесіне кәсіпорынның "Қазақстан инжиниринг" алдындағы 2,87 млрд теңге қарызын өтеу міндеті де жүктеледі. Бұл берешек 2014 жылғы дивидендтерге байланысты қалыптасқан. Осылайша, инвестордың жалпы қаржылай міндеттемесі кемінде 73,7 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бұл сомаға өндірісті жаңғыртуға қажет қосымша инвестициялар кірмейді.
Сатып алушы кәсіпорынның негізгі қызмет бағытын сақтап, әскери техниканы жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға міндетті. Сонымен қатар мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстарды уақытылы орындау, азаматтық өнім шығаруды тоқтатпау, жаңа технологиялар енгізу және жұмыс орындарын қысқартпау талап етіледі. Қазір зауытта орта есеппен 349 адам еңбек етеді.
Жаңа меншік иесіне акцияларды сатып алғаннан кейінгі алғашқы 12 айда қайта сатуға, кепілге қоюға немесе өзге тұлғаның басқаруына беруге тыйым салынады.
"Семей инжиниринг" кәсіпорны Т-72 танктерін, жаяу әскердің жауынгерлік машиналарын, бронетранспортерлерді, әскери автомобильдер мен инженерлік техниканы күрделі жөндеп, жаңғыртады. Оның өндірістік базасы броньды техниканы жөндеудің толық циклін атқаруға мүмкіндік береді.
Зауыттың тарихы 1976 жылдан басталады. Алғашқы өндірістік кешені 1987 жылы іске қосылған. 17,4 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында Кеңес Одағы кезінде 1,5 мыңға жуық адам жұмыс істеген. 2004 жылы оның мемлекеттік акциялар пакеті "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясына берілді.