Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" басшылығына қатысты жағдайға пікір білдірді. Оның айтуынша, қордың жаңа басқарма төрағасы жақын арада тағайындалады. Сонымен қатар, корпоративтік басқаруды күшейтіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары қолға алынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Самұрық-Қазынада" қандай өзгеріс болады?
Бектеновтің сөзінше, құқық қорғау органдары кейбір лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Барлық мән-жай тергеу барысында анықталады. Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында.
Премьер-министр қордың даму стратегиясы өзгермейтінін, ал оның құрамындағы компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастыратынын атап өтті. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспар бойынша жүзеге асады. Сондай-ақ, қордың инвесторлар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелері толық әрі уақытында орындалады.
Бұған дейін не болды?
Еске салайық, 18 қарашада "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отыншиев сот санкциясымен қамауға алынғаны белгілі болды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметінше, олар 12 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталып, 14 қарашада қамауға алынған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.