Шымкентте бензовоз аударылып, отқа оранды

Шымкентте бензовоз аударылып, отқа оранды
Фото-коллаж: Stan.kz

Шымкент қаласында жанармай таситын жүк көлігі жол апатына ұшырап, аударылғаннан кейін өртеніп кетті. Құтқарушылар көлік кабинасынан қаза тапқан ер адамның денесін тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға 18 қарашада Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар құтқару қызметіне сағат 15:58-де түскен.

Оқиғаның қауіптілігі ескеріліп, өрт сөндіру бөлімшелері күшейтілген шақырту тәртібімен жіберілген.

Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде жол-көлік оқиғасынан аударылған бензовозды түгелдей жалын шарпыған. Жүк көлігінен жолға төгілген жанармай да тұтанып, өрттің таралуына себеп болған. Өрт сөндірушілер жалынды сөндіруге кірісіп, оның одан әрі таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдаған.

"Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткенде жол апатынан аударылған бензовоз түгелдей отқа оранған. Төгілген жанармай да тұтанған. Өрт 60 шаршы метр аумақты шарпыды. Көлік кабинасынан қаза тапқан ер адамның мәйіті табылды", – деп хабарлады Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.

Өртті сөндіру жұмыстары барысында құтқарушылар жүк көлігінің кабинасынан ер адамның мәйітін анықтаған. Алдын ала ақпарат бойынша, марқұм бензовоздың жүргізушісі болған.