Қазақстанда бауыр обырын ерте анықтау және диагностикалау сапасын арттыруға бағытталған жоба іске қосылды. Бастама аясында еліміздің төрт қаласындағы медициналық ұйымдар заманауи ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталып, 200-ден астам маманға арнайы оқыту жүргізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жоба Павлодар, Алматы, Астана және Өскемен қалаларын қамтиды. Медициналық жабдықтар бауыр тінінің жағдайын бағалауға, ондағы күдікті өзгерістерді анықтауға және зерттеу нәтижелерін халықаралық LI-RADS хаттамасы бойынша стандарттауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бауыр обырын емдеудегі негізгі мәселелердің бірі – аурудың көбіне кеш сатысында анықталуы. Бастапқы кезеңдерде айқын белгілер байқалмауы мүмкін. Соның салдарынан науқастардың бір бөлігі дәрігерге ісік асқынған кезде ғана жүгінеді.
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің гастроэнтерология кафедрасының меңгерушісі, Бауырды зерттеу жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың төрағасы, профессор Александр Нерсесовтің айтуынша, Қазақстанда гепатоцеллюлярлық карцинома (ГЦК) онкологиялық аурулар арасында таралу көрсеткіші бойынша тоғызыншы орында тұр. Алайда бұл дерек аурудың өзектілігін төмендетпейді.
Маман бауыр фиброзы бар пациенттерді тұрақты бақылаудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай науқастарда қатерлі ісіктің даму қаупін ескеріп, жүйелі тексеру жүргізу қажет. Бұл ауруды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігін арттырады.
Жобаның пилоттық кезеңі Алматыда 2026 жылғы маусым-қазан айлары аралығында жүргізілген. «Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ сәулелік диагностика дәрігері Айгүл Олжабаеваның мәліметінше, осы кезеңде тексерілген 100 пациенттің 25-інде бауыр тініндегі күдікті өзгерістер байқалған. Одан кейін пациенттер қосымша тексеруге жіберіліп, кейбірінде гепатоцеллюлярлық карцинома диагнозы расталған.
Мамандардың айтуынша, жаңа диагностикалық мүмкіндіктер күдікті өзгерістерді ертерек анықтап, науқастарды қосымша зерттеуге уақытылы жіберуге көмектеседі. Ал бұл емдеу тактикасын дер кезінде таңдауға ықпал етуі мүмкін.
Жоба AstraZeneca компаниясының General Electric-пен ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бастаманың негізгі бағыты – медициналық ұйымдарды қажетті технологиялармен қамтамасыз ету, диагностикалық зерттеулердің бірыңғай стандарттарын енгізу және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру.
Мамандар бауыр аурулары бар адамдар үшін тұрақты медициналық бақылаудың маңызын еске салады. Әсіресе бауыр фиброзы мен басқа да созылмалы бауыр аурулары бар пациенттер дәрігер ұсынған тексеру кестесін сақтауы қажет.