АҚШ банкротқа ұшырауы мүмкін: Трамп маңызды мәлімдеме жасады

АҚШ банкротқа ұшырауы мүмкін: Трамп маңызды мәлімдеме жасады
Фото: AP Photo / Julia Demaree Nikhinson

АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекеттік қарызға қатысты мәселе уақытында шешілмесе, ел қаржылай міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Мемлекеттік қарыздың шегіне жақындап келеміз. Егер бұл мәселе шешілмесе, ел банкротқа ұшырайды. Мұндай жағдай бұрын болған емес", – деді Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында.

Қазір АҚШ-тың жалпы мемлекеттік қарызы 40,7 трлн долларға жеткен. Ал үкіметке рұқсат етілген ең жоғары қарыз көлемі - 41,1 трлн доллар. Яғни ел белгіленген шекке жақындап қалды. 

Дегенмен бұл АҚШ қазынасында қаражат қалмады деген сөз емес. Егер қарыз шегі көтерілмесе, үкімет жаңа несие ала алмайды. Соның салдарынан зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыны, мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилердің жалақысын, сондай-ақ қарыз бойынша пайыздарды уақытында төлеу қиындауы мүмкін.

Сарапшылардың есебінше, АҚШ қазіргі қарыз шегіне 2027 жылдың ақпан немесе наурыз айында жетуі мүмкін. Одан кейін Қаржы министрлігі уақытша шараларды қолданып, төлемдерді тағы бірнеше ай жалғастыра алады. Бірақ осы мүмкіндік те таусылса, ел дефолт қаупімен бетпе-бет келеді. 

АҚШ қарызының өсуіне мемлекеттік шығынның кірістен көп болуы әсер етіп отыр. 2026 қаржы жылында ел бюджетінің тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 6,2 пайызына жетті. Ал халыққа, компаниялар мен инвесторларға тиесілі мемлекеттік қарыз көлемі ЖІӨ-мен теңесті. Бұл - 1946 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.