Ресей әскері Украинаға зымырандар мен 400-ден астам ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданып, жаппай шабуыл жасады. Салдарынан кемінде сегіз адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Киевтегі Днепр өзені арқылы өтетін үш көпір зақымданып, елдің бірқатар өңірінде электр жарығы өшті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Украина әуе күштерінің мәліметінше, шабуыл кезінде Ресей 84 қанатты зымыран, баллистикалық зымырандар және 400-ден астам шабуылдаушы дрон қолданған. Қанатты зымырандардың басым бөлігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері арқылы жойылған.
Киев қаласының мэрі Виталий Кличконың хабарлауынша, Подольск-Воскресенский, Дарницкий және Оңтүстік көпірлер зақымданған. Олардың кейбірінде көлік қозғалысы толық тоқтатылып, қалғандарында шектеулер енгізілген. Қала билігі тұрғындарды жеке көлікпен жүруді шектеуге және мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге шақырды.
Шабуыл салдарынан Киевте алты адам қаза тауып, бірқатар тұрғын жараланған. Сонымен қатар су шаруашылығы нысанына жасалған соққыдан коммуналдық кәсіпорынның үш қызметкері көз жұмған. Қаладағы бірнеше ауданда су қысымы төмендеп, кейбір тұрғын үйлерде су беру уақытша тоқтауы мүмкін.
Львов облысындағы Скнылив теміржол станциясына жасалған шабуылдан тағы екі адам қаза тапқан. Днепропетровск облысында тұрғын үйлер зақымданып, Харьков қаласында ауруханаға дрон соққысы тиген. Бұл өңірлерде де жараланғандар бар.
Украинаның энергетикалық операторы Ukrenergo шабуылдардан кейін электр жүйесіндегі жағдайды өте күрделі деп бағалады. Львов, Закарпат және Ивано-Франковск облыстарында шұғыл электр қуатын ажырату шаралары енгізілді. Киевтің бірнеше ауданында да жарық өшкен.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Қырым көпіріне жасалған украиналық шабуылдарға жауап қайтаруға уәде берген. Оның айтуынша, Мәскеудің жауабы Украина тарапынан жасалған әрекеттерден әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
Осы жағдайдан кейін Польша әскери ұшақтарын әуеге көтеріп, Украинамен шекаралас оңтүстік-шығыс аумағында белгісіз нысандардың құлауына қатысты тексеру бастаған.
Айта кетейік, Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық келіссөздер әзірге айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Өткен аптада Абу-Дабиде АҚШ-тың арағайындығымен өткен кездесуде аумақтық мәселелер бойынша ілгерілеушілік болмаған.