Байлық адамды әдепсіз ете ме? Ғалымдар бұл сұраққа жеті тәжірибе арқылы жауап іздеді

Байлық адамды әдепсіз ете ме? Ғалымдар бұл сұраққа жеті тәжірибе арқылы жауап іздеді
pixabay.com

2026 жылғы экономика саласындағы Шнобель сыйлығы әлеуметтік жағдайы жоғары адамдардың әдепсіз әрекеттерге жиірек баратынын зерттеген психологтар тобына берілді. Ғалымдар жеті тәжірибе арқылы байлық пен әлеуметтік мәртебенің адамның мінез-құлқына ықпалын зерттеген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Марапатқа Пол Пифф, Дэниел Станкато, Стефан Коте, Родольфо Мендоса-Дентон және Дачер Келтнер ие болды. Олардың «Жоғары әлеуметтік тап әдепсіз мінез-құлықтың артуын болжайды» атты ғылыми жұмысы 2012 жылы Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) журналында жарияланған.

Зерттеушілер бірнеше тәжірибе жүргізген. Соның бірі Калифорниядағы жол қозғалысына қатысты. Ғалымдар қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде жүргізушілердің әрекетін бақылаған. Нәтижесінде қымбат әрі мәртебелі көлік иелері басқа көліктердің жолын жиі кесіп, жаяу жүргіншілерге жол бермеуге бейім болған.

Тағы бір тәжірибеде қатысушыларға көрші зертханадағы балаларға арналған тәттілер салынған ыдыстан кәмпит алуға рұқсат берілген. Алайда тәттілердің балаларға арналғаны алдын ала ескертілген. Соған қарамастан, әлеуметтік жағдайы жоғары қатысушылар ыдыстан өзгелерге қарағанда көбірек кәмпит алған.

Зерттеудің тағы бір бөлігінде жұмысқа қабылдау жөніндегі келіссөздер модельденген. Онда табысы жоғары қатысушылар жұмыс орнының жақын арада жабылатыны туралы ақпаратты үміткерден жасырып, оның жалақыға қатысты талабын төмендетуге тырысқан.

Бұдан бөлек, ғалымдар кейбір қатысушылардың ойын нәтижелерін асыра көрсетуге бейім екенін және ашкөздікті жағымды қасиет ретінде қабылдау ықтималдығын да зерттеген.

Зерттеушілердің тұжырымы бойынша, жоғары әлеуметтік мәртебе мен байлық кейбір адамдардың өз мүддесін өзгелердің қажеттілігінен жоғары қоюына ықпал етуі мүмкін. Дегенмен бұл қорытындыны барлық ауқатты адамға ортақ қасиет ретінде қарастыруға болмайды.

Айта кетейік, Шнобель сыйлығы адамдарды әуелі күлдіріп, кейін ойландыруға бағытталған ерекше ғылыми зерттеулерге беріледі. 2026 жылғы марапаттау рәсімі 3 қыркүйекте Швейцарияның Цюрих қаласында өтті.