Қазақстан сиыр етінің экспортын 34,4%-ға арттырды

Қазақстан сиыр етінің экспортын 34,4%-ға арттырды
ЖИ: Dalanews.kz

2026 жылы Қазақстаннан шетелге шығарылған сиыр етінің көлемі 34,4%-ға өсіп, 43 мың тоннаға жетті. Ал қой етінің экспорты 30 мың тоннаны құрады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленген. Құжатта ет пен сүт өндірісін ұлғайту, мал өнімділігін арттыру бағыттары қамтылған.

Атап айтқанда, еттің барлық түрін өндіру көлемін қазіргі 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы сүт өндірісін 1,4 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға жеткізу көзделген.

«Өнімділік бойынша нақты межелеріміз бар. Қазір әр 100 сиырдан 64 бұзау алынады. Бұл көрсеткішті кемінде 80-ге жеткізу қажет. Ірі қара малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын 600-800 грамнан 1,5-1,8 келіге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал заманауи сүт фермаларында бір сиырдан жылына алынатын сүт көлемін 10 мың литрге жеткізу көзделген», – деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 2023 жылдан бері 102 тауарлы сүт фермасының жобасы қаржыландырылған. Оның 71-і бүгінде пайдалануға берілді.

Еске салайық, 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда мал шаруашылығының жалпы өнімі 3 трлн 226 млрд теңгеден асты. Нақты көлем индексі 103,5%-ды құрады. Осы кезеңде елде еттің барлық түрінен 846,5 мың тонна өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға көп.

Ал 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында үй шаруашылықтары 4,2 мың тонна сиыр етін сатқан. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі 6,3 мың тонна көрсеткіштен 32,9%-ға төмен.

Осы аралықта шошқа етінің сатылымы 27,3%-ға қысқарып, 2,7 мың тоннаны құрады. Құс етін сату көлемі де 51%-ға азайып, 47,4 тоннаға дейін төмендеді. Ал жылқы еті мен қой етінің сатылымында өсім байқалды. Жылқы етінің сатылымы 12,1%-ға артып, 1,5 мың тоннаға жетсе, қой еті 7%-ға өсіп, 780,5 тоннаны құрады.