Қарағандыда әйелді бір жарым жыл бойы аңдыған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот дерегінше, ол 2024 жылдың наурызынан бастап әйелге мессенджерлер арқылы қайта-қайта хабарлама жіберген. Жәбірленуші оны бұғаттағаннан кейін ер адам үйіне келіп, балағаттап, жанжал шығарған.
Биыл тамыз айында оған әйелге жақындауға және мазалауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы берілді. Алайда ол бұл талапты орындамай, қудалауын жалғастырған.
Жәбірленуші полицияға қайта арызданған соң, ер адам сталкинг бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Сонымен қатар бір жыл бойы оған әйелді іздеуге, аңдуға, жүрген жеріне баруға, телефон соғуға немесе басқа жолмен байланысуға тыйым салынды. Ол жәбірленушінің туыстары арқылы да хабарласа алмайды.