Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды қолдау және аграрлық саланы дамыту мақсатында қабылданған бағдарламаларға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Президент Астанада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің үшінші форумында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама қабылданғанымен, олардың бірқатары мазмұны жағынан бір-бірін қайталайды. Айырмашылығы тек атауында болуы мүмкін.
«Қазірдің өзінде "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Кең дала", "Береке", "Жайлау", "Игілік", "Сыбаға" және басқа да бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, бұл жобалардың барлығы саладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Алайда атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігі қандай? Мұндай сұрақтың туындауы заңды. Бізге бағдарламалар санын көбейту емес, ауыл шаруашылығын сапалы дамыту қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Үкіметке ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін әзірленген құжаттардың барлығына кешенді талдау жүргізу міндеті жүктелді.
Президенттің пікірінше, әр бағдарламаның нақты мақсаты мен міндеті болуы керек. Ең бастысы, қабылданып жатқан шаралар шаруаларға түсінікті болып, ауылдағы өмір сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс. Бұл мәселе бюджет қаражатын үнемдеу қажеттілігімен де тікелей байланысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев салаға жауапты министрліктің деректерін де келтірді. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 500-ге жуық ауылда жалпы құны 173 миллиард теңге болатын 921 жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылған.
Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесін тексеру қажет екенін айтты.
«Бәлкім, енді осы жұмыстың нақты қорытындысын тексеретін уақыт келген шығар. Жарияланып жатқан цифрларға сенуге бола ма? Бұл тақырыпты неге көтеріп, егжей-тегжейлі зерделегім келеді? Бұған дейін бізге әдемі, тіпті мінсіз деуге болатын көрініс ұсынылатын. Шынымды айтсам, бәріміз бұған шын жүректен қуанатынбыз. Кейін нақты статистика берілмеді деген сияқты сылтауларды алға тартып, бұл мәселені кейінге қалдыра бердік. Бұдан былай мұндай тәсілге жол беруге болмайды», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдардың дамуына үлес қосып, тұрақты жұмыс орындарын ашатын кәсіпорындарды қолдауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.