Екі күн уақыт беріледі: шенеуніктер есірткі қолданған-қолданбағаны қатаң тексеріледі

Екі күн уақыт беріледі: шенеуніктер есірткі қолданған-қолданбағаны қатаң тексеріледі
magnific.com

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерден есірткі мен психотроп заттарды тексеру тәртібі бекітілді. Қызметкерден есірткі қолданудың кемінде үш белгісі байқалса, ол медициналық тексеріске жіберіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа ережеге сай қызметкердің мінез-құлқын жұмыс уақытында кадр қызметі мен тікелей басшысы бақылайды. Есірткі қолдану белгілеріне мінез-құлық күрт өзгеруі, жұмысқа жиі келмеу немесе кешігу, денедегі ине іздері, сөйлеу мен қимыл үйлесімі бұзылуы, мазасыздық пен елес көру жатады.

Бұл белгілер есірткі қолданғанын дәлелдемейді, тек медициналық тексеріске жіберу туралы шешім қабылдауға негіз болады.

Кемінде үш белгі анықталса, кадр қызметі мемлекеттік орган басшысына хабарлайды. Ол бір жұмыс күні ішінде шешім қабылдап, қызметкерге 48 сағат ішінде тексеріске жолдама беріледі. Қызметкер тексерістен екі жұмыс күні ішінде өтуге тиіс.

Есірткі қолданғаны расталса, мәлімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен полицияға жіберіледі. Сондай-ақ, қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Тексерістен бас тартқан немесе жалтарған қызметкердің әрекеті тіркеліп, құжаты жеке ісіне тіркеледі.

Бұйрық 29 қарашада күшіне енеді.