2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының учаскелік қызмет мамандарына жаңа қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Оның мөлшері қызметкердің үздіксіз еңбек өтіліне байланысты есептеледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген Үкімет қаулысының жобасына сәйкес, алғашқы медициналық көмек ұйымдарында екі жылдан астам үздіксіз жұмыс істеген мамандарға лауазымдық айлықақының 20 пайызы, үш жылдан асқан жағдайда 30 пайызы, ал бес жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге 50 пайызы көлемінде қосымша ақы төлеу ұсынылған.
Бұл өзгеріс елдегі барлық дәрігерге бірдей қатысты емес. Жаңа төлем учаскелік терапевт, педиатр және жалпы практика дәрігерлеріне, сондай-ақ учаскелік, патронаждық және мектеп мейіргерлеріне, фельдшерлер мен акушерлерге қарастырылған. Жалпы алғанда, шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтымақ.
Министрліктің алдын ала есебінше, ауылдық жерлерде еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерінің жалақысы қазіргі 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал орта медицина қызметкерінің айлығы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.
Қалаларда тәжірибесі мол жалпы практика дәрігерінің жалақысы 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін, ал орта медицина қызметкерінің табысы 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін артады деп болжанып отыр.
Еңбек өтілі аз мамандардың да айлығы көтеріледі. Ауылдық жерлерде жалпы практика дәрігерінің жалақысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерінің айлығы 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Қалаларда дәрігерлердің жалақысы 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге, ал орта медицина қызметкерлерінің табысы 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін ұлғаюы ықтимал.
Ал алғашқы медициналық көмек ұйымдарында жұмыс істейтін психологтарға базалық лауазымдық айлықақының 300 пайызы, әлеуметтік қызметкерлерге 200 пайызы мөлшерінде психоэмоциялық және физикалық жүктеме үшін қосымша ақы белгілеу ұсынылған.
Үкімет бұған дейін учаскелік қызмет мамандарының жалпы табысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өсетінін хабарлаған. Ал қаулы жобасында қосымша ақының ең жоғары мөлшері лауазымдық айлықақының 50 пайызы ретінде көрсетілген. Мұндағы 50 пайыз қызметкердің толық жалақысына емес, тек лауазымдық айлықақысына есептеледі. Сондықтан маманның қолына алатын жалпы табысы шамамен 40 пайызға дейін артуы мүмкін.
Айта кетейік, ұсынылған өзгерістер әзірге түпкілікті бекітілген жоқ. Қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында жария талқылаудан өтіп жатыр. Талқылау 2026 жылғы 7 желтоқсанға дейін жалғасады.