Ақмола облысының Шортанды ауданында жүк пойызы теміржол үстінде отырған ер адамды қағып кетті. Ер адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы жағдай бейсенбі күні күндіз Шортанды және Дамса ауылдарының арасындағы теміржол учаскесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға теміржолдың 428-шақырымында тіркелген.
47 вагоннан тұратын жүк пойызы шамамен сағатына 64 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Машинистің айтуынша, локомотивтен шамамен 300 метр қашықтықта теміржол рельсінің үстінде отырған адамды байқаған. Ол шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Соққы салдарынан ер адам ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Оқиғадан кейін жүк пойызы тоқтаған.
Кейін марқұмның Шортанды ауылының тұрғыны екені анықталған. Оның теміржолға қандай жағдайда шыққаны және машинистің ескертуіне не себепті әрекет етпегені әзірге белгісіз.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жүргізіліп жатыр.