Өндіріс іске қосылмаған: кәсіпкер 300 млн теңгенің ғылыми грантын жымқырды деген күдікке ілінді

Өндіріс іске қосылмаған: кәсіпкер 300 млн теңгенің ғылыми грантын жымқырды деген күдікке ілінді
Фото: ЖИ

Астанада өсімдік майларын қайта өңдеуге бөлінген ғылыми грант қаржысын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыруға "Ғылым қоры" акционерлік қоғамынан 350 млн теңгеге дейін қаражат қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер "Өсімдік майларын регенерациялау және тазарту өндірісін ұйымдастыру" жобасына грант алған. Алайда бөлінген қаражаттың 297 млн теңгеден астамы кәсіпкердің бақылауындағы компаниялардың есепшоттарына аударылған. Төлемдер құжаттарда жабдық, шикізат, маркетинг қызметтері және өзге де тауарларды сатып алу ретінде көрсетілген.

Жоба бойынша тот баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі орнатылуға тиіс болған. Бірақ оның орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған. Кәсіпорында дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған.

"Жоба аясында дайын өнімді шығару және сату жүзеге асырылмаған", – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Агенттік мәліметінше, грант қаражатының бір бөлігі пайдаланылған өсімдік майын жеткізу ақысы ретінде өзара байланысты екі компанияға аударылған. Кейін ақшаның белгілі бір бөлігі жеке кәсіпкердің есепшотына қайтарылып, жобаны кәсіпкердің өз қаражаты есебінен бірлесіп қаржыландыруы ретінде рәсімделген. Сондай-ақ қаржы автокөліктерді лизингке алу кезіндегі бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған деген күдік бар.

Іс бойынша жобаның орындалуын бақылаған «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының қызметкері де тергеліп жатыр. Ол анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпей, жобаны одан әрі қаржыландыруды ұсынғаны үшін 1,7 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

Қазіргі уақытта кәсіпкер мен орталық қызметкері қамауға алынған. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және өндірістік жабдықтарға тыйым салынды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.