Хакерлер тобы JPMorgan Chase, Visa және Mastercard компанияларының клиенттеріне қатысты деректерді ұрлағанын мәлімдеді. Жеке ақпараттар интернетте ашық жарияланған. Олардың арасында электронды пошта мекенжайлары мен байланыс нөмірлері бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, жарияланған файлдардан JPMorgan Chase банкінің 16 мыңнан астам клиентінің электронды пошта мекенжайы табылған. Кейбір жазбаларда телефон нөмірлері мен пошта индекстері де болған.
JPMorgan өкілдері банктің ішкі жүйелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Сондай-ақ деректері қауіпке ұшырауы мүмкін клиенттермен байланысқа шығатынын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарияланған ақпараттардың арасында банк карталарының деректері жоқ. Сондай-ақ хакерлердің банктік шоттарға немесе төлем инфрақұрылымына қол жеткізгенін растайтын мәлімет анықталмаған.
Осылайша, әзірге клиенттердің банк шоттарындағы қаражатқа тікелей қауіп төнгені туралы ақпарат жоқ. Дегенмен жеке байланыс деректерінің жариялануы алаяқтық әрекеттерге, соның ішінде жалған хабарламалар мен фишингтік шабуылдарға пайдаланылуы мүмкін.