Германияда мешітке шабуыл жасамақ болған 18 жастағы студент ұсталды

Германияда мешітке шабуыл жасамақ болған 18 жастағы студент ұсталды
Ашық дереккөз.

Германияда мұсылмандар құлшылық ететін орынға террористік шабуыл жасамақ болды деген күдікпен 18 жастағы студент ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол шабуылды жүзеге асыру үшін 3D-принтер арқылы қару мен оқ-дәрі дайындаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекеттерінен әсіре оңшыл экстремистік идеологияның белгілерін анықтаған. Атап айтқанда, оның мұсылмандарға қатысты нәсілшіл көзқарасты ұстанғаны белгілі болды.

Тергеушілердің дерегінше, студент 3D-принтер көмегімен бірнеше қару мен оқ-дәрі жасаған. Алдын ала сараптама олардың кейбірі қолдануға жарамды екенін көрсеткен. Қалған қаруларды мемлекеттік қылмыстық полиция басқармасының мамандары тексеріп жатыр.

Қазіргі уақытта күдіктінің жалғыз әрекет еткені немесе басқа адамдармен байланыста болғаны анықталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.

Оқиға Германияда мұсылман қауымының қауіпсіздігі мен әсіре оңшыл экстремизмге қарсы күрес мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.