Қарағанды облыстық соты Теміртауда егде жастағы адамды ұрып-соғып, қорлаған және тонаған тоғыз адамға қатысты апелляциялық шағымдарды қарады. Сот бірінші сатыдағы үкімге өзгеріс енгізіп, сотталғандардың біріне түпкілікті 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы прокурордың өтінішхаты мен сотталғандардың және олардың қорғаушыларының апелляциялық шағымдарын қараған.
Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың айыпталушылардың кінәсі дәлелденгені туралы қорытындысымен келіскен. Сонымен қатар үкімнің негіздеу бөлігі Қылмыстық кодекстің талаптарына сәйкестендірілген.
Сотталғандардың бірі Ф.-ға бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімінің бір бөлігі қосылып, түпкілікті 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, мемлекет кірісіне өндірілетін процестік шығындар мен жәбірленушілерге өтемақы қорына төленетін міндетті төлемдерге қатысты өзгерістер енгізілді.
Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты ішінара қанағаттандырылып, сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдары қанағаттандырылмады.
Зейнеткерді ұрып, қорлаған сәттерді видеоға түсірген
Сот анықтағандай, 2025 жылғы 14 және 21 ақпанда айыпталушылар егде жастағы адамның пәтеріне екі рет заңсыз кірген. Жәбірленушінің қарсылық көрсете алмайтынын пайдаланған олар оны бірнеше рет ұрып, бетіне түкіріп, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған. Қылмыстық әрекеттерін ұялы телефонға түсірген.
Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіріліп, материалдық шығын келген.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 24 наурызда кәмелетке толмаған сотталушылардың бірі басқа адамдармен бірге тағы бір тұрғынның пәтеріне кіріп, оны ұрып-соққан. Жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіріліп, 95 мың теңгенің мүлкі ұрланған.
Іс қоғамда үлкен резонанс тудырған
Бұған дейін Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыларды кінәлі деп танып, 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Еске салайық, 2025 жылы Теміртауда 67 жастағы ер адамды қорлаған жасөспірімдердің видеосы әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда үлкен наразылық туғызған.
Кейін күдіктілердің кейбірін басқа жастар соққыға жығып, оны да видеоға түсірген. Бұл оқиға қоғамда өз бетінше жазалау әрекеті ретінде бағаланған.
Оқиғадан кейін Теміртау әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған. Сондай-ақ күдікті жасөспірімдер оқыған білім беру ұйымдары директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Қарағанды облыстық сотының мәліметінше, апелляциялық сатының шешімінен кейін үкім заңды күшіне енді.