Ақтөбе облысында мектеп бухгалтерлері 82 млн теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған

Ақтөбе облысында мектеп бухгалтерлері 82 млн теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған
ЖИ: Dalanews.kz

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу кезінде 82 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған. Бұл іске мектептің бас бухгалтері мен тағы екі есепші қатысқан. Сот үшеуін де кінәлі деп таныды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аудан прокуратурасы бюджет қаражатының заңды жұмсалуына жүргізген талдау барысында қаржы жымқыру дерегін анықтаған. Тексеру нәтижесінде №5 мектеп-лицейінің бас бухгалтері басқа есепшілермен бірге 2021–2024 жылдары мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлерге тиесілі мөлшерден артық жалақы аударуды ұйымдастырғаны белгілі болды.

Артық аударылған ақшаны қызметкерлер қолма-қол ақшаға айналдырып, кейін бухгалтерлерге қайтарып отырған. Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (аса ірі мөлшерде жымқыру) қылмыстық іс қозғаған.

Шалқар аудандық сотының үкімімен үш адам кінәлі деп танылды. Мектептің бас бухгалтері 8 жылға, ал қалған екі сотталушы 7 жылдан бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар үшеуіне де 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, сот олардың жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдырған.

Сот үкімі заңды күшіне енді.