Әлемдік ғылымға үлес қосқан 20 қазақ ғалымы кімдер?

Әлемдік ғылымға үлес қосқан 20 қазақ ғалымы кімдер?
Коллаж: Dalanews, ЖИ

Қазақ ғалымдары геология мен археологиядан бастап медицина, гендік инженерия және жасанды интеллектіге дейінгі түрлі салада маңызды жаңалықтар ашып, әлемдік ғылымның дамуына үлес қосып келеді. Korshiler.podcast Instagram парақшасы 20 қазақстандық ғалым туралы дерек ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тізімнің басында қазақ геология ғылымының негізін қалаған Қаныш Сәтбаев тұр. Ол Жезқазған өңіріндегі мыс қорының мол екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, аймақтың ірі өндіріс орталығына айналуына жол ашты.

Қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Шоқан Уәлиханов Қашғарияны зерттеп, Орталық Азияның тарихы мен географиясына қатысты құнды мәліметтер қалдырды. Ал археолог Әлкей Марғұлан Беғазы-Дәндібай мәдениетін ашып, қазақ даласындағы ежелгі өркениеттерді зерттеуге зор үлес қосты.

Геолог Шахмардан Есенов Маңғыстау, Жаңаөзен және Қаражанбас мұнай кен орындарын игеруге атсалысты. Мұрат Айтхожин Қазақстанда молекулалық биологияның, Өмірбек Жолдасбеков инженерия ғылымының негізін қалады. Антрополог Оразақ Смағұлов қазақ халқының антропологиялық ерекшеліктерін ұзақ жылдар бойы зерттеді.

Математик Асқар Жұмаділдаевтың негізгі еңбектері Ли алгебраларын зерттеуге арналса, Уалбай Өмірбаев математикадағы күрделі Нагата есебін шешіп, әлем ғалымдарының назарын аударды.

Нанотехнолог Нұршат Нұражы смартфон экранының тұмандануына жол бермейтін арнайы жабын ойлап тапты.

Қазіргі қазақстандық зерттеушілер медицина мен технология саласында да тың нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Ғалым Шухрат Миталипов адам эмбрионындағы ауру тудыратын генді түзетуге бағытталған зерттеуге қатысты.

Химик Ғалымжан Молдағұлов 24 жасында Nature журналында мақала жариялап, тәулігіне мыңға жуық ғылыми тәжірибе жүргізе алатын робот құрастырды. Нейрохирург Ғалымжан Исабеков жүзден астам ми операциясын жасап, Паркинсон ауруының белгілерін электрод арқылы жеңілдету әдісін қолданды.

Нұрлыбек Мұрсали микроскопқа жасанды интеллектіні енгізіп, зертханалық жұмысты автоматтандыруға арналған өнім әзірледі. Оның технологиясы әлемнің мыңдаған зертханасына жеткізілген. Ал Арман Жармағамбетов Meta компаниясының Superintelligence зертханасында жасанды интеллектінің ықтимал қауіптерін азайту бағытында еңбек етіп жүр.

Алия Сарманова бауыр обырын ерте анықтауға мүмкіндік беретін тест әзірлеуге қатысқан. Адия Рақымжан MIT-де тірі миды бейнелеу арқылы Альцгеймер ауруын зерттеп жүр.

Кванттық офтальмолог Мұхит Құмағамбетов соқырлыққа әкелуі мүмкін көз ауруын екі минут ішінде анықтайтын құрылғы жасады. Айжан Ахмади Паркинсон ауруының пайда болуына әсер ететін ақуызды зерттеп, еңбегін Nature Communications ғылыми журналында жариялады.

Тізімге Sci-Hub платформасының негізін қалаған алматылық Александра Эльбакян да енді. Оның платформасы әлем ғалымдарына миллиондаған ғылыми мақалаға қол жеткізуге мүмкіндік берді.