Қазақстан университеттерінде психологиялық қызметтер қалай жұмыс істейді?

Қазақстан университеттерінде психологиялық қызметтер қалай жұмыс істейді?
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда кейінгі төрт жылда жоғары оқу орындарының студенттері арасында 34 суицид дерегі тіркелген. Оның алтауы 2026 жылдың басынан бері болған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, студенттер арасындағы суицид деректерінің саны жыл сайын өзгеріп отырған. Атап айтқанда, 2023 жылы – 3, 2024 жылы – 7, 2025 жылы 18 жағдай тіркелген. Ал 2026 жылы 6 дерек анықталған.

Биыл тіркелген жағдайлар мына жоғары оқу орындарында болған:

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – 1;

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – 1;

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті – 1;

Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті – 1;

Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті – 1;

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 1.

Министрлік қазір жоғары оқу орындарында студенттердің психологиялық жағдайын ерте анықтау, оларға қолдау көрсету және психикалық саулығын нығайту бағытында бірқатар шара жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.

Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының қызметіне қатысты үлгілік қағидаларға студенттерді оқу, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік бағыттар бойынша кешенді бағалау нормасы енгізілген. Бұл ретте интегралды әлеуметтік GPA көрсеткішін есептеу қарастырылған.

Сонымен қатар министрлік 2026 жылғы 28 тамыздағы бұйрықпен жоғары оқу орындарында студенттерді әлеуметтендіру және тәрбиелеу жұмысын жүйелі ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдардың жаңа редакциясын әзірлеген. Құжатта мемлекеттік саясат пен қоғамдық күн тәртібіндегі өзекті бағыттар қамтылған.

Ведомствоның мәліметінше, еліміздегі барлық жоғары оқу орнында психологиялық қызмет жұмыс істейді. Бұл бағытта 277 психолог еңбек етеді. Психологиялық қызмет мамандары мен әлеуметтік-тәрбие жұмысына жауапты проректорлар үшін отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен семинарлар мен курстар ұйымдастырылады.