Қызылордада көлік қағып, бес айлық сәбиінен айырылған Наргиз есімді әйелге екінші операция жасалатыны белгілі болды. Ал оның туысы Жанерке Сералиева әлеуметтік желіде жазба жариялап, жол апатына күдікті жүргізушінің ұзақ уақыт бойы ұсталмағанына наразылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жанерке Сералиеваның айтуынша, ауыр жарақат алған Наргизге араға екі күн салып тағы бір операция жасау жоспарланған. Жақынының денсаулығына алаңдаған ол құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты бірқатар сұрақ қойды.
«Араға екі күн салып Наргизге екінші операция жасайын деп жатыр! Оған моральдық тұрғыдан өте қиын, түсінген адамға!» – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Сондай-ақ әйел жол апатына қатысы бар жүргізушінің туыстары бейнежазбаны әлеуметтік желіден алып тастауды сұрап, бірнеше рет хабарласқанын мәлімдеді.
«Видеоны алып тастасын деп туыстарды жағалап барып, үздіксіз оларға, маған телефон соққандай, қылмыскердің туған-туысын, әке-шешесін, әйелін де дәл солай қыспаққа алмадыңыздар ма?!» – деп жазды Жанерке Сералиева.
Ол полиция қызметкерлерінен күдіктіні іздеу жұмыстарының нәтижесін ашық айтуды талап еткен.
«Полиция бізді қорғай ма? Полициядан қорғануымыз керек пе? Осынша уақыт ішінде таба алмауға не кедергі?! Қашан қолға түсіресіздер?! Нәтиже қашан көреміз?!» – деп жанайқайын жеткізді әйел.
Бес айлық сәби жол апатынан көз жұмған
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 13 қазанда Қызылорда қаласындағы Құлтекенов көшесінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, сағат 17:10 шамасында Mitsubishi Lancer автокөлігінің жүргізушісі бес айлық сәбиі бар әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші зардап шеккендерге көмек көрсетпестен, оқиға орнынан кетіп қалған.
Ана мен бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қала алмады.
Ал Наргиз бірнеше күн бойы ес-түссіз жатқан. Оның бас сүйегі, қабырғалары, бұғанасы, жамбасы мен тобығы сынғаны, сондай-ақ өкпесі зақымданғаны хабарланды.
Кейін әйелдің есін жиғаны белгілі болды. Дегенмен алған ауыр жарақаттарына байланысты оған медициналық көмек көрсету жалғасқан.
Күдіктіге іздеу жарияланған
Қызылорда облыстық полиция департаменті жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғаған.
Құқық қорғау органдары көлік жүргізушісінің жеке басын анықтап, оған ресми іздеу жариялады. Сондай-ақ сот күдіктіні сырттай қамауға алу туралы шешім қабылдаған.
31 қазанда жарияланған ақпаратқа сәйкес, жүргізуші әлі қолға түспеген болатын.
Ал зардап шеккен отбасының жақындары оқиғаның әділ тергеліп, кінәлі адамның заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта күдіктінің ұсталғаны туралы кейінгі ресми ақпарат анықталған жоқ.