Құрылыс қарқыны доллар бағамына қысым түсіруі мүмкін

Құрылыс қарқыны доллар бағамына қысым түсіруі мүмкін
Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда құрылыс саласының қарқынды дамуы импорттық материалдарға сұранысты арттырып, теңге бағамына қосымша қысым түсіруі мүмкін. Мұндай болжамды Halyk Finance сарапшылары жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылдың алғашқы он айында елдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға ұлғайған. Ал құрылыс материалдарының отандық өндірісі небәрі 5,4%-ға өсті. Яғни ішкі өндіріс саладағы сұраныс қарқынына ілесе алмай отыр.

Осы кезеңде атқарылған құрылыс жұмыстарының 55%-ы инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі болды. Сарапшылар 2027 жылы да саладағы жоғары өсім сақталады деп болжайды.

Алайда құрылыс көлемі мен отандық материалдар өндірісі арасындағы алшақтық ұлғайса, ел импортқа көбірек тәуелді болуы ықтимал. Шетелден тауар сатып алу үшін валютаға, соның ішінде долларға сұраныс артады. Бұл теңгенің айырбас бағамына қосымша қысым түсіруі мүмкін.