Ұлттық банк қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеуге қатысты талаптарды жеңілдетпек, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, банк клиенттің қолданыстағы несиесін өзі қайта қаржыландырған кезде ай сайынғы төлем мөлшері өспесе, борыш жүктемесі коэффициентінің шекті деңгейін қайта тексермеуге рұқсат беріледі.
Сонымен қатар автонесие рәсімдеу кезінде борыш жүктемесі коэффициентін қолдану талабы бір жылға кейінге шегеріледі. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін ипотекалық несиелер үшін бұл мерзім үш жылға ұзартылмақ.
Ипотека бойынша борыш жүктемесін есептеу кезінде ортақ қарыз алушылардың табысы мен несиелік міндеттемелері де ескеріледі. Бұған қоса, егер азаматқа берілетін тұрғын үй төлемдері қарызын өтеуге жұмсалса, ол да кіріс есебіне енгізіледі.