Жетісу облысында CVK брендімен қаржы пирамидасының бөлімшесін ұйымдастырған ерлі-зайыпты сотталды. Олардың әрекетінен 21 салымшы зардап шеккен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, жергілікті екі тұрғын азаматтарды инвестициялық табыс табуға шақырып, арнайы «инвестициялық пакеттерді» сатып алуды ұсынған. Олар салған қаражатынан пайда түсетінін уәде еткен.
Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқандарға ақшалай төлемдер мен сыйлық түрінде қосымша бонустар берілетіні айтылған. Осылайша, ерлі-зайыпты азаматтардың ақшасын тарту арқылы қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырған.
Тергеу нәтижесінде олардың әрекетінен 21 салымшының зардап шеккені анықталды.
Сот ерлі-зайыптыны Қылмыстық кодекстің 217-бабы 2-бөлігі бойынша қаржы пирамидасын құрып, оны басқарғаны үшін кінәлі деп таныды. Оларға екі жыл төрт ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.