Отбасының цифрлық картасы қазақстандықтардың күнделікті сатып алуын, дүкен чектерін және туыстар арасындағы ақша аударымдарын жеке-жеке бақыламайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың банк операциялары жүйеге толық көлемде берілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Банктер бағалау үшін нақты төлемдер мен аударымдардың тізімін емес, шифрланған жиынтық көрсеткіштерді ғана ұсынады. Мәселен, шоттар мен депозиттердегі орташа күндік қалдық және шығындардың жекелеген санаттары белгілі бір аралық түрінде көрсетіледі. Есептеу кезінде осы аралықтың ең төменгі шегі алынады. Ал отбасының жағдайы әр адамға бөлек емес, оның барлық мүшесі туралы мәлімет негізінде тұтас бағаланады.
Министрліктің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы азаматтардың жеке банктік көшірмесіне қол жеткізе алмайды. Шоттар мен карталардағы шағын сомалар, тұрмыстық сатып алулар, жақындар арасындағы аударымдар және «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй жинақтары әл-ауқатты есептегенде нөлге теңестіріледі.
Жалғыз үй мен көлік әлеуметтік көмектен айыра ма?
Отбасының атында бір баспана немесе күнделікті қажетіне пайдаланатын көлік болуы оның автоматты түрде ауқатты санатқа жатқызылатынын білдірмейді. Жүйе мүліктің бар-жоғын ғана емес, оның санын, жағдайын және отбасының жалпы тұрмысын қатар қарастырады.
Жасы 20 жылдан асқан жеңіл көліктер, жүк машиналары, тракторлар мен комбайндар бағалау кезінде есепке алынбайды. Апатты немесе бұзуға жататын баспана да отбасының активі ретінде қарастырылмайды. Ал ескі үйге, сондай-ақ банкте кепілде тұрған жалғыз баспанаға төмендету коэффициенті қолданылады.
Негізінен бірнеше жылжымайтын мүлік, қымбат көлік, коммерциялық нысан, табыс әкелетін бизнес немесе көлемі бес гектардан асатын жер телімі секілді ірі активтерге назар аударылады.
Қарыз бен отбасы шығыны да ескеріледі
Бағалау барысында отбасының табысымен қатар нақты қаржылық жүктемесі де назарға алынады. Қолданыстағы ипотека мен ұзақ уақыт өтелмеген несие қорытынды балды төмендетеді. Ал шағын қарыздар, төлемнің қысқа мерзімге кешіктірілуі және жеке көлікті кепілге қойып алынған ломбард қарызы нәтижеге әсер етпейді.
Сондай-ақ балаларды, қарт адамдарды, мүгедектігі немесе ауыр созылмалы ауруы бар отбасы мүшелерін күтуге кететін шығындар есепке алынады. Отбасын бір ғана адам асырап отырса, бұл жағдай да бағалау кезінде ескеріледі.
Бюджеттен төленетін жәрдемақылар, алимент, тұрғын үй көмегі, бала туғанда немесе асырап алғанда берілетін біржолғы төлем және қайырымдылық қаражаты отбасының табысына қосылмайды.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Отбасының цифрлық картасы 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір ол 6,2 миллион отбасыны, яғни шамамен 20,4 миллион адамды қамтиды. Жүйе 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық базадағы мәліметтерді біріктіреді.
Отбасылардың жағдайы бес санаттың біріне бөлінеді: жоғары, ауқатты, қанағаттанарлық, экономикалық осал немесе экономикалық және әлеуметтік осал. Мәртебе ай сайын жаңартылып отырады және оны министрлік қызметкерлері қолмен өзгерте алмайды.
Егер картада сатылып кеткен көлік, бұрынғы баспана немесе жабылған кәсіпке қатысты ескі мәлімет сақталып қалса, азамат тұрғылықты жері бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіне алады. Дегенмен қате мәліметті бастапқы дерекқорға жауапты мемлекеттік орган түзетеді.