Алматы облыстық соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты жазасын өтеуден босату туралы Алатау қалалық сотының қаулысының күшін жойды. Апелляциялық сот сотталған азаматтың ауруы оны жазадан босатуға негіз болатын тізімге сәйкес келмейтінін анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында Алатау қалалық соты Көкірекбаевтың денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырғаны жазылған. Алайда Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі кейін бұл шешімнің апелляциялық тәртіппен жойылғанын хабарлады.
Сот мәліметінше, Көкірекбаевтың ауруының ауырлық дәрежесі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмеген. Осыған байланысты апелляциялық алқа сотталған азаматты босату туралы №57 мекеменің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Сондай-ақ сот бірінші сатыдағы отырысқа қатысқан прокурор мен Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулы шығарды. Олардың сотталғанды жазадан босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды бергені көрсетілген.
Бұдан бөлек, жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қаулы жолданды.
Кәрім Көкірекбаев 2025 жылдың шілдесінде 396 млн теңге пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған кезеңде «Bazis Construction INFR» компаниясының басшысынан Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстары бойынша орындалмаған жұмыстарға актілерге қол қою үшін пара алған.
Бұл іс бойынша оның орынбасары Әділет Ахатаев пен компания басшысы Андрей Поплавский де сотталған. Көкірекбаевтың алғашқы сот процесінде ақталғанына қарамастан, кейін үкімнің күші жойылып, іс қайта қаралған. Екінші сот процесінің қорытындысында ол 12 жылға, ал Ахатаев пен Поплавский 11 жылға бас бостандығынан айырылған.
Кейін Көкірекбаев күзет қызметкеріне 20 мың теңге беріп, жұбайымен заңсыз кездесуді ұйымдастырғаны үшін де жауапқа тартылып, 300 мың теңге айыппұл төлеген.
Алматы облыстық сотының апелляциялық қаулысы мен жеке қаулылары заңды күшіне енді.