Болат Назарбаевтың үш әйелі мен төрт баласына тиесілі жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару туралы резонансты іс сотта қаралмай қалды. Бұған талап-арыз берген Қарасай ауданы әкімдігі өкілдерінің сот отырысына келмеуі себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Тіл кеспек жоқ" дереккөзінің мәліметінше, Алматы облысының Қарасай ауданы әкімдігі марқұм Болат Назарбаевтың отбасы мүшелеріне рәсімделген жер телімдері мен ондағы жылжымайтын мүлікті мемлекетке қайтаруды талап еткен. Әкімдік бұл нысандардың заңсыз рәсімделгенін алға тартқан.
Іс бойынша жауапкерлер қатарында Болат Назарбаевтың бұрынғы үш әйелі, төрт баласы және өзге де тұлғалар болған. Алайда сотқа бастамашы болған әкімдік өкілдері отырысқа екі рет қатарынан себепсіз келмеген.
Осыған байланысты судья талап-арызды қараусыз қалдыру туралы шешім шығарды. Әкімдік өкілдерінің сот отырыстарына неліктен қатыспағаны әзірге белгісіз. Нәтижесінде даулы жер телімдерінің заңдылығына қатысты мәселе сотта мәні бойынша қаралған жоқ.