Қазақстанда мұғалімдерге арналған жедел желі іске қосылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Енді қазақстандық педагогтер 1472 бірыңғай нөмірі арқылы көмек сұрай алады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "Ұстаз" платформасында байланыс орталығы іске қосылғанын хабарлады.
Мұғалімдер жалақы, еңбек жағдайы, мектеп басшылығымен немесе ата-аналармен туындаған жанжалдарға қатысты кеңес алып, әдістемелік көмекке жүгіне алады.
Министрдің айтуынша, бұған дейін педагогтер жауап алу үшін айлап күтіп, түрлі мекемеге жүгінуге мәжбүр болған. Енді барлық мәселені бірыңғай сервис арқылы жолдауға болады.
Әзірге жедел желі сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Дегенмен мұғалімдер қазірдің өзінде қоңырау шалып, мәселелерін айта алады.