Мәслихат төрағасының үйіне қарулы шабуыл жасалған: Сот үкімі күшін жойды

Мәслихат төрағасының үйіне қарулы шабуыл жасалған: Сот үкімі күшін жойды
Мейрам Қожахмет. Фото: gov.kz

Ақмола облысында Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне жасалған қарулы шабуылға қатысты іс қайта қаралатын болды. Кассациялық сот бұған дейін үш адамға шығарылған сот актілерінің күшін жойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, сотталған үш ер адамның әрекеті бастапқыда тонау ретінде сараланған. Алайда қадағалаушы орган қылмыстың мән-жайлары қарақшылық шабуыл белгілеріне сәйкес келетінін алға тартқан.

Іс материалдарына сәйкес, бетперде киген ер адамдар түнде тұрғын үйге заңсыз кіріп, ішіндегі адамдарға күш қолданған. Олар шолақ аңшылық мылтықпен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды беруді талап еткен. Шабуыл кезінде қылмыскерлер 4 миллион теңгеден астам мүлікті иемденген. Сондай-ақ жәбірленушілердің бірін байлап, үйдегі басқа адамдарды жертөлеге қамап қойған.

Бас прокуратура сот үкіміне қарсы шықты

Бұған дейін сот үш ер адамды тонау қылмысы бойынша кінәлі деп таныған. Алайда Бас прокуратура мұндай құқықтық саралаумен келіспей, кассациялық наразылық енгізген.

Қадағалаушы органның түсіндіруінше, қарақшылық шабуылдың басты белгілерінің бірі – адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану немесе сондай күш қолданамын деп қорқыту.

"Бас прокуратура кассациялық наразылық енгізіп, сотталғандардың әрекеттерін тонау ретінде саралаудың дұрыс еместігіне назар аударды. Жәбірленушілер қарумен қорқытуды өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп ретінде қабылдаған. Бұл ретте оқ атылмауы немесе қарудың жай-күйі туралы мәліметтердің болмауы өздігінен қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды", – деп түсіндірді ведомство.

Кассациялық сот прокуратураның уәждерімен келісіп, бұрын шығарылған сот актілерінің күшін жойды.

Қылмыстық іс жаңадан қарауға жіберілді.

Оқиға қалай болған?

Еске сала кетейік, 2025 жылғы шілдеде Ақмола облысындағы Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне шабуыл жасалғаны хабарланған болатын.

Бастапқы ақпарат бойынша, бетперде киген белгісіз адамдар үйге кіріп, отбасы мүшелерін жертөлеге қамап қойған. Олар үйден ақша, зергерлік бұйымдар және басқа да бағалы заттарды алып, автокөлікпен оқиға орнынан қашып кеткен.

Кейін полиция үш күдіктіні ұстаған.

Бұған дейін үш адамға қандай жаза тағайындалды?

2026 жылғы қаңтарда Астрахан аудандық соты аталған қылмыстық істі қараған. Сот үш ер адамды ірі мөлшерде тонау, тұрғын үйге заңсыз кіру және алдын ала сөз байласқан адамдар тобының автокөлікті заңсыз иеленуі баптары бойынша кінәлі деп таныған.

Тараз қаласының екі тұрғынының біріне 8 жыл 6 ай, екіншісіне 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал Шымкент тұрғыны 8 жыл 6 айға сотталған.