Психологиялық көмектен жатақханаға дейін: елде студенттер мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Психологиялық көмектен жатақханаға дейін: елде студенттер мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Сурет: kaznpu.kz

Жоғары оқу орындарында студенттерге қандай жағдай жасалған? Психологтар жеткілікті ме? Оқу аудиториялары белгіленген талапқа сай ма және жатақхана тапшылығы қаншалықты шешілген? Осы мәселелердің жай-күйін білу үшін Dalanews.kz редакциясы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сауал жолдады. 

Психолог санын әр университет өзі белгілейді

Министрліктің мәліметінше, қазір Қазақстанның жоғары оқу орындарында студенттерге психологиялық қолдау көрсететін 277 маман жұмыс істейді.

"Қазіргі уақытта еліміздің жоғары оқу орындарында студенттерге психологиялық қолдау көрсету мақсатында 277 психолог маман қызмет атқаруда", – делінген ресми жауапта.

ЖОО-дарындағы психологиялық қызметтің жұмысы 2023 жылы қабылданған әдістемелік ұсынымдар негізінде ұйымдастырылады. Алайда бұл құжатта бір психологқа қанша студенттен келуі керегі көрсетілмеген.

Психологиялық қызметтің құрылымын, мамандар санын және жылдық жұмыс жоспарын әр университет өз ерекшелігіне қарай белгілейді. Министрлік мұны жоғары оқу орындарына берілген академиялық және басқарушылық дербестікпен түсіндірді.

"Жоғары оқу орындары психологиялық қолдау көрсету қажеттілігін және өздерінің ұйымдастырушылық мүмкіндіктерін ескере отырып, дербес айқындайды", – деп хабарлады ведомство.

Демек, Қазақстанда бір психологқа қанша студенттен келуі керегін белгілейтін бірыңғай норма жоқ. Әр университет маман санын студенттердің қажеттілігі мен өзінің қаржылай және ұйымдастырушылық мүмкіндігіне қарай анықтайды.

Бір студентке қанша шаршы метрден келуі керек?

Жоғары оқу орындарындағы аудитория көлеміне қатысты нақты санитариялық талаптар бекітілген. Бір студентке тиесілі аумақ дәрісханадағы орын санына қарай есептеледі.

Мысалы, 12–15 орындық аудиторияда әр студентке 2,5 шаршы метрден келуі керек. Аудитория 16–25 адамға арналса, бұл көрсеткіш 2,2 шаршы метрді, ал 26–49 орын болған жағдайда 1,8 шаршы метрді құрайды.

50-75 орындық аудиторияда бір студентке 1,5 шаршы метр, 76-100 орындық бөлмеде 1,3 шаршы метр қарастырылған. 100-150 студентке арналған дәрісханада әр адамға 1,2 шаршы метрден келуі тиіс.

Ал 150-350 орындық аудиторияда бір студентке 1,1 шаршы метр, 350-ден астам орын болған жағдайда кемінде 1 шаршы метр белгіленген. Яғни аудиториядағы студент саны артқан сайын әр адамға есептелетін аумақ азаяды.

Сегіз жылда 182 студенттік жатақхана ашылған

Министрліктің хабарлауынша, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді.

"2018-2025 жылдар аралығында жалпы саны 72 125 орындық 281 жатақхана пайдалануға берілді. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана ашылды", – делінген жауапта.

Ведомство қабылданған шаралардың нәтижесінде жатақханадағы орын тапшылығы едәуір азайғанын мәлімдеді.

Қазір жатақханаға деген қажеттілік 2030 жылға дейінгі арнайы әдістеме бойынша есептеледі. Болжам жасау кезінде студенттер санының өсуі, басқа өңірлерден келген жастардың үлесі, академиялық ұтқырлық және өткен жылдары жатақханаға мұқтаж болған студенттер саны ескеріледі.

Алматыға 5 176 жатақхана орны жетіспейді

Министрліктің есебіне сәйкес, жатақхана тапшылығы Алматы қаласында сақталып отыр.

"Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары студенттері үшін болжамды орын тапшылығы 5 176 орынды құрайды. Басқа өңірлерде жатақханаға деген қажеттілік байқалмайды", – деп хабарлады министрлік.

Алайда бұл көрсеткіш тұрақты емес. Студенттер саны, жыл сайынғы қабылдау көлемі, жатақханаға деген нақты сұраныс және жаңадан ашылатын орындар есепке алынып, болжам қайта қаралып отырады.

"Орын тапшылығының болжамды көрсеткіштері тұрақты шама болып табылмайды", – деп түсіндірді ведомство.

Демек, қазіргі есеп бойынша елдегі студенттік жатақхана тапшылығы Алматыға тиесілі. Бірақ алдағы уақытта студенттер саны мен жаңа жатақханалардың пайдалануға берілуіне қарай бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.